Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру: Маңғыстауда профилактикалық шаралар талқыланды
Маңғыстау облысында қылмыстық құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ бұрын сотталған тұлғалар мен көңіл көтеру орындарында жасалатын қылмыстардың жай-күйін ескере отырып, олардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған нақты профилактикалық шараларды әзірлеу мақсатында жұмыс жиналысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған жиын профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Тілек Селбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып, оған мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін реттеу мәселелері, сондай-ақ бұрын сотталған және алкогольге тәуелділігі бар тұлғаларды қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу жолдары қарастырылды.
Сонымен қатар дәмхана-барлардағы құқық бұзушылықтардың, оның ішінде бұрын сотталған азаматтардың қатысуымен орын алатын заң бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы кешенді шараларды күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алу, криминогендік ахуалды тұрақтандыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, әсіресе көңіл көтеру орындарындағы құқық бұзушылықтар мен бұрын сотталған тұлғалар тарапынан жасалатын қылмыстардың жолын кесу үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.
