Павлодарда полицейлер қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізіп жатыр
Павлодар облысында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында тәртіп сақшылары қоршаған ортаны қорғау және абаттандыру қағидаларын сақтау бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Негізгі мақсат – ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың алдын алып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Осы бағытта күн сайын рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жиі пайда болатын аумақтарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, қоқыс пен ағын суларды белгіленбеген жерлерге төгетін тұлғаларды анықтау бойынша нысаналы жұмыстар атқарылуда.
Мәселен Павлодар қаласында бір тұрғын қарды арнайы белгіленбеген орынға жинаған. Аталған құқықбұзушылық үшін оған қатысты әкімшілік материал рәсімделді. Жалпы жыл басынан бері өңір полицейлері абаттандыру саласында мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кескен.
Полиция өңір тұрғындарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, қала тазалығын сақтауға белсенді атсалысуға шақырады. Егер ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, құрылыс немесе өзге де қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге төгу деректеріне куә болсаңыздар, дереу "102" арнасына хабар беру сұралады.
