Екібастұзда полицейлер МАЭС-1 қызметкерлерімен құқықтық профилактика жүргізді
Екібастұзда полицейлер МАЭС-1 қызметкерлерімен құқықтық профилактика жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласында полиция қызметкерлері МАЭС-1 жұмысшыларымен құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кездесу өткізді.
Іс-шара барысында қала полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов өңірдегі қазіргі криминогендік ахуал туралы баяндама жасады. Ол ұрлық, есірткі қылмыстары, автокөлік ұрлау, бұзақылық және алаяқтық сияқты негізгі құқық бұзушылықтар бойынша статистикалық мәліметтерді ұсынып, жол-көлік оқиғалары мен олардың динамикасына тоқталды.
Кездесуде интернет-алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударылды. Полиция деректеріне сәйкес, мұндай қылмыстардың құрбаны көбіне зейнеткерлер болып отыр. Осыған байланысты азаматтарға қырағылық танытып, жеке деректерін бөгде адамдарға бермеу және күмәнді қоңырауларға сенбеу қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ жиын барысында қылмыстың жаңа түрлері, оның ішінде "дропперлік" ұғымы кеңінен түсіндірілді. Бұл — өз банк шоттарын үшінші тұлғаларға беріп, заңсыз қаржылық операцияларға қатысу әрекеттері екенін атап өтілді.
Лекцияның бір бөлігі сталкинг тақырыбына арналды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімнің басшысы Бақытгүл Сейтқалиева азаматтарды қорғауға бағытталған заңнамалық нормаларды, соның ішінде қудалау әрекеттері үшін жауапкершілік көзделген жаңа баптарды түсіндірді. Сонымен қатар мәжбүрлі неке мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзге де түрлері үшін қарастырылған жауапкершілік туралы мәлімет берілді.
Кездесу аясында полиция басқармасының бастығы азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңес ұсынды.
Полицейлер мұндай кездесулердің басты мақсаты — халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайту, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.
