Ақмола облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілді
Ақмола облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және автомобиль жолдарындағы апаттылық деңгейін төмендету мақсатында 27 наурыз күні Ақмола облысы аумағында түнгі рейдтік іс-шаралар өткізілді. Іс-шараларға түнгі экипаждар жұмылдырылды.
Өткізілген рейд барысында жол қозғалысы ережелерінің 256 бұзушылығы анықталды. Атап айтқанда, мас күйінде көлік құралын басқарудың 4 фактісі тіркелді. Сонымен қатар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ немесе тиісті тәртіппен тіркелмеген көлік құралдарын басқарудың 2 дерегі, басқару құқығынан айырылған жүргізушілердің рөлге отырған 5 фактісі және басқару құқығы жоқ тұлғалардың көлік басқарған 4 жағдайы анықталды.
Бұдан бөлек, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту бойынша 5 құқық бұзушылық тіркелсе, міндетті сақтандыру полисінсіз көлік басқарудың 10 дерегі анықталды. Оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар 11 көлік құралы тіркелді. Сондай-ақ міндетті техникалық байқаудан өтпеген 13 көлік, көлік жүргізу кезінде байланыс құралдарын пайдаланудың 13 фактісі және техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін тонировкасы бар 10 көлік анықталды.
Сонымен қатар көлік құралдарының конструкциясына тиісті рұқсатсыз өзгерістер енгізу бойынша 6 құқық бұзушылық тіркелді.
Рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша 11 көлік құралы мамандандырылған тұраққа қойылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
