Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде қауіпсіздік мәселелері тұрғындармен бірлесіп талқыланды

Ақтөбе қаласында тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кезекті "Аулада қабылдау" акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға полиция қызметкерлері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының өкілдері қатысып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді.

Кездесу барысында қала тұрғындары қоғамдық тәртіпті сақтау, аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, бейнебақылау камераларын орнату, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзекті сұрақтарын қойды. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, тиісті түсіндірмелер берілді, ал кейбір мәселелер сол жерде жедел шешімін тапты.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Учаскелік инспекторлар тұрғындармен тұрақты түрде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша нақты шаралар қабылдауда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында аулалар мен қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Сонымен қатар полиция мен пәтер иелері кооперативтері арасындағы өзара іс-қимылға ерекше мән берілуде. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде тұрғын үйлердің аулаларында қауіпсіздік деңгейі артып, күдікті тұлғаларды дер кезінде анықтау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында тиімді шаралар жүзеге асырылуда. Қалада бейнебақылау жүйесі қарқынды дамып, оның мүмкіндіктері құқықбұзушылықтардың алдын алу мен оларды ашуда кеңінен қолданылуда.

Аталған іс-шаралар халық пен полиция арасындағы өзара сенімді нығайтып, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру