Абай облысында төрт күнде 6300-ден астам рейд жүргізілді
26-29 наурыз аралығында облыс аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, блогерлер, еріктілер, құқық қорғау бағытындағы қоғамдық бірлестіктердің мүшелері және өзге де мүдделі тұлғалармен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылды.
Рейдтік жұмыстар кезінде көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектордағы қауіпсіздік жағдайы жан-жақты тексеріліп, қоғамдық тәртіптің сақталуы бақылауға алынды. Аталған кезеңде барлығы 6386 рейд жүргізіліп, есепте тұрған 1252 тұлға тексерілді. Нәтижесінде 668 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрғын үй аумақтарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындармен тікелей кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңестер ұсынды.
