Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда студенттермен ашық диалог өтті

Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығында "Есірткісіз өмір" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға белсенді азаматтық ұстанымы бар студент жастар қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу қоғамдық даму басқармасы мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бірлесуімен, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу кеңесінің қатысуымен өткізілді.

Іс-шараға 40-тан астам студент қатысып, денсаулықты сақтау, саналы таңдау жасау және жеке жауапкершілік мәселелері жан-жақты талқыланды. Ашық диалог форматында өткен кездесу барысында жастар мамандардан маңызды ақпарат алып қана қоймай, өз пікірлерін еркін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.

Талқылау барысында есірткі заттарын қолданудың зияны, тәуелділіктің адам тағдыры мен оның жақындарына тигізетін кері әсері, сондай-ақ қоғамның мұндай қауіптерге қарсы тұрудағы рөлі кеңінен сөз болды.

Спикерлер профилактика жұмысы тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір жастың саналы таңдауы мен жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

Кездесудің ерекше мазмұнын студенттердің белсенділігі мен шынайы қызығушылығы айқындады. Олар талқылауға белсене қатысып, қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тұруға дайын екендіктерін көрсетті.

- Бүгінде мәселені жай ғана көтеру жеткіліксіз. Ең бастысы – жастардың санасында нақты түсінік қалыптастыру. Есірткісіз өмір – бұл шектеу емес, керісінше еркіндік. Бұл – өз болашағыңды таңдау, жоспар құру және армандарыңды жүзеге асыру мүмкіндігі, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Мұндай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттауға және жауапты, саналы ұрпақ қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Жетісу облысында ұйымдастырылып жатқан осындай кездесулер әрбір адамның болашағы бүгінгі таңдаудан басталатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру