Жамбыл облысында отыз екінші "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Тараз қаласындағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 орта мектепте кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Әзімов, мектеп әкімшілігі, оқушылар және ата-аналар қатысты.
Салтанатты жиын барысында "Жас сақшы" сыныбының оқушылары ант қабылдап, оларға арнайы куәліктер мен естелік сыйлықтар табысталды.
— Бұл ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасы аясында Жамбыл облысында ашылған 32-ші мектеп. Аталмыш жоба – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетін арттыруға және полиция қызметіне қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама, – деп атап өтті Данияр Әзімов.
Іс-шара соңында қатысушылар жас сақшыларға ізгі тілектерін білдіріп, еркін форматтағы әңгімелесу алаңына жалғасты. Оқушылар полиция қызметкерлеріне көкейдегі сауалдарын жолдап, болашақ мақсаттарымен бөлісті.
