Павлодар облысы ПД бастығы Екібастұздағы жеке құрамның жұмысын тексерді
Павлодар облысы полициясының бастығы жұмыс сапарымен Екібастұз қаласының полиция басқармасына барып, жеке құраммен кездесті және Жедел басқару орталығының жұмысын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында Василий Скляр қазіргі уақытта қалада прокуратураның үйлестіруімен құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған "Айқын нәтиже" жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

— Жобаның мақсаты — құқық бұзушылықтар санын азайту, құқық қорғау органдарының ашықтығын арттыру және халық сенімін күшейту. Бұл қызметкерлердің жұмыс сапасын жүйелі бақылау және олардың кәсіби деңгейін арттыру арқылы жүзеге асады, - дейді басқарма бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Жыл басынан бері 3067 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 163 қорғау нұсқамасы шығарылды, сот 62 құқық бұзушыға ерекше мінез-құлық талаптарын белгіледі, 6 адам алкоголизмнен мәжбүрлі емдеуге жіберілді, бір азаматқа қатысты әкімшілік қадағалау орнатылды, сондай-ақ сот полицияның шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жою туралы екі өтінішін қанағаттандырды.
Сонымен қатар жас ұрпаққа ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді. Қаланың мектептері мен колледждерінде құқық бұзушылықтардың, буллингтің және алаяқтықтың алдын алу бойынша дәрістер өткізілді. Профилактикалық жұмыстармен 16 мыңнан астам оқушы және 294 педагог қамтылды.

Сапар аясында Василий Скляр өңірлік полицияны цифрландыру барысымен және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде енгізіліп жатқан технологиялардың тиімділігімен де танысты.
— Екібастұзда Жедел басқару орталығы 2025 жылдың наурыз айында іске қосылды. 72 бейнебақылау камерасы орнатылып, олардың көмегімен жыл басынан бері 1215 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 6 қылмыс ашылды. Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылдамдықты бақылаудың 5 кешені жұмыс істейді, — деп атап өтті полковник Құдайбергенов.
Кездесу қорытындысы бойынша қызмет тиімділігін арттыруға, қызметтік тәртіпті нығайтуға және халықпен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
