Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде жанжал шығарған азамат қоғамдық жұмысқа тартылды

Семейде жанжал шығарған азамат қоғамдық жұмысқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

42 жастағы Семей тұрғыны үйіне оралып, көлігін үйінің жанына қоюды жоспарлаған. Алайда көршісі орнатқан бордюр көлікті қоюға кедергі болған. Ер адам бордюрді жылжытып қойған. Бұған көршісі наразылық білдіріп, екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Кейін жанжал төбелеске ұласып, ер адам көршісіне дене жарақатын келтірген.

Сот оны кінәлі деп танып, 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындаған.
Жазаны орындау үшін сотталған азамат Семей қаласы Орталық аудандық пробация қызметіне есепке қойылды. Қызмет мамандары онымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын түсіндірді. Сондай-ақ жазаны орындаудан жалтарған жағдайда жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Қоғамдық жұмыстарды өтеу үшін ер адам қалалық коммуналдық кәсіпорындардың біріне жіберіліп, қазіргі уақытта қазандықта жұмыс атқарып жүр.

- Қазір мен бұл жанжалдың еш қажеті болмағанын түсіндім. Барлығы қарапайым тұрмыстық жағдайдан басталды, оны сабырмен шешуге болатын еді. Бірақ мен өз эмоциямды тежей алмай, қарапайым дау төбелеске ұласты. Өз әрекетім үшін балаларымның алдында қатты ұяламын. Мінез-құлқыммен жақындарыма уайым әкелгенімді түсінемін. Сот тағайындаған жаза мен үшін үлкен сабақ болды. Пробация қызметкерлеріне жүргізген түсіндіру жұмыстары мен көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіремін. Өзіме сабақ алдым, енді кез келген жанжалды эмоцияға берілмей, сабырмен шешу керектігін түсіндім, — деді сотталған азамат.

— Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі — сотталған азаматтарға өз әрекеттерінің салдарын түсінуге көмектесу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сотталғандармен жұмыс барысында қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл жағдайда азамат өз қателігін түсініп, сот тағайындаған жазаны жауапкершілікпен орындап келеді. Қоғамдық жұмыстар сот шешімін орындауға ғана емес, сонымен қатар сотталған адамның өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді, - деді Семей қаласы Орталық аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Ержан Есполатов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру