Туристік маусым: Жетісу облысында жол қауіпсіздігі әуеден бақылауға алынды
Жазғы туристік маусымның басталуымен Жетісу облысында көлік ағыны күрт артып отыр. Осыған байланысты өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп, полиция қызметкерлері заманауи технологияларды, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын кеңінен қолдануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жылы күндердің келуімен Жетісу облысында дәстүрлі түрде көлік қозғалысы артты. Өңір тұрғындары мен қонақтары демалыс аймақтарына, табиғат аясындағы орындарға және туристік бағыттарға жиі жолға шығады. Алайда қозғалыс қарқынының артуымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері де көбейіп отыр.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және барлық азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңір полициясы күшейтілген қызмет режиміне көшті. Әсіресе танымал туристік бағыттарға апаратын автожолдардың апатты учаскелерінде тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылған.
Қауіпсіздікті арттыруда заманауи технологияларға ерекше мән берілуде. Полиция қызметкерлері жол жағдайын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануда. Дрондар әуеден жедел мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылықтарды анықтауға және ықтимал қауіпті жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл өзінің тиімділігін дәлелдеген. Ұшқышсыз құрылғыларды қолдану бақылау ауқымын кеңейтіп, жол-көлік оқиғаларының азаюына оң әсерін тигізіп отыр.
— Біздің басты міндетіміз — құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларына жол бермеу. Әсіресе көлік жүктемесі артқан кезеңде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты басымдық, — деп атап өтті полицейлер.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, рөлде барынша мұқият болуға және әрбір адамның жауапкершілігі ортақ қауіпсіздіктің кепілі екенін ұмытпауға шақырады.
