Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Абай облысында полицейлер буллингке қарсы 100-ге жуық оқушыға қауіпсіздік сабағын өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында Семей қаласындағы №9 орта жалпы білім беретін мектепте 7-сынып оқушыларына арналған буллингтің алдын алу тақырыбында қауіпсіздік сабағы  ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты — жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және мектеп қабырғасындағы психологиялық ахуалды нығайту. Кездесуге шамамен 100-ге жуық оқушы қатысып, тақырып аясында өзекті сұрақтарға жауап алды.

Сабақты қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Денис Терехов өткізді. Ол өз баяндамасында буллинг ұғымына кеңінен тоқталып, оның түрлері — физикалық, психологиялық және кибербуллинг жөнінде нақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, мұндай әрекеттердің жасөспірімдердің психикасына, әлеуметтік дамуына тигізетін кері әсері мен заң алдындағы жауапкершілігі жан-жақты айтылды.

 

– Егер мен буллингтің куәсі болсам, бірақ өзіме зиян келуінен қорықсам, не істеуім керек?, — дейді оқушы.

– Ең бастысы — үнсіз қалмау. Мұндай жағдайда сенім білдіретін ересек адамға — мұғалімге, ата-анаға немесе мектеп психологына міндетті түрде хабарлау қажет. Егер жағдай күрделі болса, құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. Қауіпсіздік әрдайым бірінші орында тұруы тиіс, — деп жауап берді полицей.

– Әзіл мен буллингтің айырмашылығын қалай ажыратуға болады?, — деп сұрақ қойды оқушы.

– Егер “әзіл” біреудің көңіліне тиіп, оны ренжітсе немесе қорқыныш тудырса — бұл әзіл емес, буллингтің бір түрі. Әрдайым басқа адамның сезімімен санасу қажет, — деп жауап берді полицей.

Денис Юрьевич өз сөзінде нақты өмірлік мысалдарға сүйене отырып, буллингтің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Ол жасөспірімдерді бір-біріне құрметпен қарауға, жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге және қиын жағдайда көмек сұраудан қорықпауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру