Қызылорда облысында ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері адам өміріне араша түсті
Қызылорда облысында ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері адам өміріне араша түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ізгілік өлшемі — іргеден ін қазуда емес, адамға жақсылық жасап, ел игілігіне қызмет етуде. Осы қағиданы берік ұстанған ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің қызметкерлері кәсіби міндет пен адамгершілік қасиетті қатар алып жүргенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мекеменің кіріп-шығуды бақылау пункті — тәртіптің алғашқы шебі. Бұл жерде түрлі мінез бен көңіл күй тоғысып, қызметкерлердің сабыры мен қырағылығы сынға түседі. Сондықтан мұнда еңбек ететін мамандар тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, келушілердің жағдайына да бейжай қарамайды.
Осындай сәттердің бірінде мекеменің үш бірдей қызметкері азаматтық танытып, адам денсаулығына араша болды. Кенеттен қан қысымы көтеріліп, есінен танып құлай жаздаған адвокатқа олар дереу алғашқы көмек көрсетті.
Атап айтқанда, мекеменің режим және күзет бөлімінің ақпарат және байланыс тобының бақылаушысы, әділет сержанты Ақниет Қалмұратов жедел жәрдем шақырса, әділет кіші сержанты Мақпал Қуатова мен әділет қатарындағы Саят Рысбай ауа жетпей қиналған азаматтың тыныс алуын бақылап, су ұсынып, оның жағдайының тұрақтануына ықпал етті.
Қызметкерлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында адвокаттың денсаулығы біршама жақсарған. Белгілі болғандай, ол бұған дейін микроинсульт алған екен.
Алғыс хатында адвокат мекеме қызметкерлерінің көмегіне ерекше ризашылығын білдірген.
– Қызметкерлер дер кезінде қол ұшын созбағанда, кезекті микроинсульт алуыма себеп болуы мүмкін еді. Осындай адал, білікті, адамгершілігі жоғары қызметкерлер көп болсын. Үшеуі де шынайы мейірімді, жүрегі таза, өнегелі тәрбие көрген азаматтар екен, – деп жазды ол.
Адам өміріне бейжай қарамай, дер кезінде көмекке келген қызметкерлердің бұл әрекеті — кәсіби жауапкершілік пен адами жанашырлықтың жарқын көрінісі.
