Жамбылда республикалық "Полиция барысы" турнирі өз мәресіне жетті
Жамбылда республикалық "Полиция барысы" турнирі өз мәресіне жетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында екі күнге созылған республикалық "Полиция барысы" турнирі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері арасында өткен бұл дәстүрлі додада еліміздің әр өңірінен жиналған полиция балуандары боз кілемде бақ сынады.

Тартысқа толы бәсекеде 50-ге жуық қатысушы күш пен шеберліктің, ептілік пен төзімнің үлгісін көрсетті. Қоян-қолтық күрестің қыр-сырын жетік меңгерген тәртіп сақшылары көрермендерге жоғары деңгейдегі сайыс ұсынды.
Шешуші белдесулерде қарсыластарына дес бермей, ұтымды тәсілдерімен дараланған Астана қаласы полиция департаментінің өкілі Тәңірберген Тергеубеков "Полиция барысы" атағын иеленіп, алтын белбеуді жеңіп алды.
Күміс жүлде Алматы облысы полиция департаментінің балуаны Жәнібек Дюсембаевқа бұйырса, қола жүлде Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкері Алмас Жұмағалиға табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы белбеулермен, медальдармен, ҚР ІІМ дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ үздік шыққан спортшылар ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы қаласында өтетін республикалық "Әскер барысы" турниріне жолдама алды.
Іс-шара аясында қатысушылар үшін көне Тараз өңірінің тарихи-мәдени нысандарына экскурсия ұйымдастырылып, қасиетті мекендердің тағылымы кеңінен таныстырылды.
