Интернет-алаяқтық схемаларын әшкерелеп жүрген тергеушінің қызметтегі бір күні
СҚО ПД қызметкері Дарын Нұғыманов — киберқылмыспен күрестің алдыңғы шебінде еңбек етіп жүрген білікті мамандардың бірі. Ол 2022 жылы ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдап, қысқа уақыт ішінде кәсіби тәжірибесін шыңдап үлгерді. Қызметіне адал қызметкер туралы Polisia.kz сайты тарқатып айтып береді.
Өткен жылы Дарын Солтүстік Қазақстан облысында алғашқылардың бірі болып дропперлер кураторлары мен ұрланған қаражатты заңсыз айналымға шығару схемасына қатысы бар тұлғалардан құралған екі ұйымдасқан топтың қызметін әшкереледі. Аталған істер бойынша тиісінше 21 және 37 эпизод тіркелді. Ал биыл ол 30 эпизодтан тұратын қылмыстық істің материалдарын сотқа жолдады.
Қазіргі таңда Дарын Петропавл қаласы полиция басқармасының тергеу бөліміндегі киберқылмыстарды тергеу бөлімшесінде қызмет атқарады. Бұл саладағы жұмыс құқықтық біліммен қатар қаржылық операцияларды, интернет-банкинг жүйелерін және заманауи цифрлық технологияларды терең меңгеруді талап етеді.
Тергеушінің айтуынша, алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы — азаматтардың жеке сақтығы:
- Мен жүздеген адаммен сөйлестім. Жәбірленушілердің көпшілігі алаяқтық тәсілдер туралы естігенімен, бәрібір алданған. Егер сізді қорқытып, қандай да бір кодтарды айтуға немесе белгісіз қосымшаны жүктеуге итермелесе - сенбеңіз. Бұл - алаяқтардың әрекеті. Ал төлем құралдарыңызды пайдалануға беріп, “жеңіл ақша” уәде етсе, бұл - дропперлік. Мұндай әрекет үшін айыппұлдан бастап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұған қоса, келтірілген залалды өтеу міндеті де жүктелуі мүмкін, - дейді ол.
Әріптестері Дарын Нұғымановтың принципшілдігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтеді. Полиция қатарында осындай кәсіби, нәтижеге бағытталған мамандардың болуы жаңа буын тергеушілердің қалыптасуына негіз болуда.
Тергеу бөлімінің бастығы Азамат Бектұрғанов:
- Осындай қызметкерлер уақыт өте келе тергеу саласының үздік мамандарына айналады, — деп атап өтті.
