Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полиция мал ұрлығының алдын алу жұмыстарын күшейтті

6-10 сәуір аралығында Павлодар облысында "Мал ұрлығына жол жоқ" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ ауыл тұрғындарының мал-мүлкін қорғау, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Рейдтердің алғашқы күнінде полицейлер 286 жеке тұрғын үйді және 182 шаруа қожалығын аралап, барлығы 468 мал иесін тексерді.

– Нәтижесінде жайылым ережелерін бұзғаны үшін 8 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Атамекен – Русская Поляна автожолында қараусыз жүрген 20 жылқыдан тұратын табын анықталды. Қарбалас жолда жүрген жануарлар жол-көлік оқиғасына нақты қауіп төндірді. Жедел жүргізілген шаралардың нәтижесінде мал иесі анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Сарин.

Полиция өкілдері қараусыз қалған малдың қылмыскерлер үшін оңай олжаға айналатынын ескертеді. Осыған байланысты мал ұрлығының алдын алу үшін бірқатар шараларды сақтау ұсынылады: жануарларға GPS-трекерлер орнату, иесі, қойшы және жергілікті әкімдік арасында үшжақты келісімшарттар жасау, малды міндетті түрде таңбалау және ен салу, сондай-ақ қора-жайларды сенімді құлыптармен және күзет жүйелерімен жабдықтау.

– Малдың қауіпсіздігі, ең алдымен, оның иесінің жауапкершілігіне байланысты. Мал жоғалған немесе жайылым маңында күмәнді адамдар байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта рейдтік іс-шаралар облыс аумағында күшейтілген режимде жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру