Шымкентте студенттерге есірткі қылмыстарының құқықтық салдары түсіндірілді
Шымкентте студенттерге есірткі қылмыстарының құқықтық салдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері "Болашақ" колледжінің студенттерімен профилактикалық кездесу өткізіп, оны өзекті мәселелердің бірі – есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға арнады.
"Есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары" тақырыбында өткен дәріс барысында тәртіп сақшылары қолданыстағы заңнама талаптарын жан-жақты түсіндіріп, тыйым салынған заттарды сақтау, тарату және пайдалану үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы мәлімет берді. Сонымен қатар жастарды интернет және әлеуметтік желілер арқылы есірткі қылмыстарына тарту фактілеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында студенттерге "жасырын жеткізу" секілді заңсыз схемалар, интернет-алаяқтық түрлері және цифрлық ортадағы құқық бұзушылықтарға қатысудың қауіптері туралы кеңінен түсіндірілді. Қатысушыларға қылмыстық әрекеттерге тартылудан сақтану жолдары мен күмәнді ұсыныстардан қорғану бойынша практикалық кеңестер берілді.
Іс-шара аясында кинологиялық қызметтің жұмысы да таныстырылды. Қызметтік иттер тыйым салынған заттарды анықтау дағдыларын көрсетіп, студенттердің қызығушылығын арттырды.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері жастарды заң талаптарын сақтауға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға және ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
