Павлодарда жол ережесін бұзған жүргізушілерге тосқауыл күшейді
Павлодарда жол ережесін бұзған жүргізушілерге тосқауыл күшейді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның рөлге отыруы — жай ғана формальды құқықбұзушылық емес, ауыр салдарға әкелуі мүмкін қауіпті әрекет. Мұндай заңсыздықтар қатаң құқықтық жауапкершілікке әкеледі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін күн сайын анықтап, ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуда.
Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп көшесінде жүргізілген рейд барысында Renault Sandero автокөлігін басқарған "құқығы жоқ жүргізуші" тоқтатылды. Аталған азамат көлік жүргізуге заң жүзінде рұқсаты жоқ екенін біле тұра рөлге отырған.
Нәтижесінде көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылып, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сот қарауына жолданды.
Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Қалиақпаровтың айтуынша, мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмейді.
– Заң талаптарын біле тұра елемеу — бұл қоғам қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер. Біздің басты міндетіміз – жолдарда тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деді ол.
Жыл басынан бері өңірде көлік жүргізу құқығы жоқ 1718 жүргізуші анықталған. Олардың әрқайсысы заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылған.
Тәртіп сақшылары ескертеді: көлік жүргізу құқығынан айыру — бұл жай шектеу емес, нақты тыйым. Оны елемеу өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан әрбір құқықбұзушылық дерегі заң аясында қатаң қаралып, тиісті шаралар қолданылады.
Полиция алдағы уақытта да бақылауды күшейтіп, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
