Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда сотталған азаматтарға заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді

Атырауда сотталған азаматтарға заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, №66 түзеу мекемесінде есірткі қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан 30-ға жуық сотталған азаматпен кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дұрыс бағыт-бағдар беру.

Кездесу барысында сотталғандарға қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізілді. Атап айтқанда, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен оны өндіруге қатысатын тұлғаларға қатысты жауапкершіліктің күшейтілгені айтылды. Сонымен қатар, есірткіні алғаш рет «қойып кетуші» ретінде таратқан, бірақ оны дайындауға қатысы болмаған азаматтарға жаза мерзімін жеңілдету мүмкіндігі қарастырылғаны түсіндірілді.

Сондай-ақ түзелу жолына түскен сотталғандар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жеңілірек жаза түрімен ауыстыру тетіктері бар екені атап өтілді.

Іс-шара аясында сотталған азаматтарға бостандыққа шыққаннан кейін заң талаптарын қатаң сақтап, құқықбұзушылықтан аулақ болу қажеттігі түсіндірілді. Олар өткен қателіктерінен сабақ алып, қоғамға пайдалы болуға, әсіресе жастар арасында есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырылды.

Мұндай кездесулер сотталған азаматтардың жаңа өмір бастауына, қоғамға қайта бейімделуіне және дұрыс жолды таңдауына ықпал ететіні ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру