Қызылорда облысында студенттерге ашық есік күні ұйымдастырылды
Қызылорда облысында студенттерге ашық есік күні ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ауқымды профилактикалық іс-шара өтті. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №37 мекемесінде С. Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжі студенттеріне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шара Қызылорда қаласы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлерінің бастамасымен өтіп, “Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалықтың кепілі” тақырыбында жалғасын тапты. Кездесуге студент жастар белсенді қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және қоғамдағы тәртіпке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру.
Кездесуде ювеналды полиция бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі Л. Ахметова жастарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау мен құқықбұзушылықтың салдары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сондай-ақ студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Ашық диалог форматында өткен жиын олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға оң ықпал етті.
Кездесуде жазасын өтеуші азамат өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарды қателіктерден сабақ алуға, заңды құрметтеп, саналы таңдау жасауға шақырды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар – жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, заңға құрмет пен жауапкершілікті арттырудың, сондай-ақ қауіпсіз қоғам құрудың маңызды негізі.
