10 жыл көші-қон саласында қызмет еткен полицейдің бір күні
Көші-қон полициясы – ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызды тіректерінің бірі. Бұл сала – тағдырлар тоғысатын, адамдардың өмір жолымен тікелей байланысқан жауапты қызмет, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы бағытта он жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан Бекет Ерғалиев – Атырау облысы полиция департаменті көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы. Оның басты міндеті – көші-қон үдерістерінің заң аясында жүйелі жүзеге асуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғау.
Қызмет барысында ол азаматтарды қабылдап, құжаттарын мұқият тексеріп, әрбір өтініш бойынша заң талаптарына сай шешім қабылдайды. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқықтық кеңес беру – оның күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі. Жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін бұл қызметте Бекет Ерғалиев 22 мыңнан астам азаматтың жеке куәлік алуына ықпал етіп, олардың маңызды құжаттарын дер кезінде рәсімдеуіне мүмкіндік жасады.
Сонымен қатар ол Атырау өңіріне ТМД елдерінен келген 10 мыңға жуық шетелдікке уақытша тұруға рұқсат рәсімдеуге атсалысып, олардың елімізде заң аясында өмір сүруіне жағдай жасады. Бұдан бөлек, 138 шетелдікке Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беріліп, азаматтығы жоқ тұлғаларға төлқұжат рәсімдеу арқылы жаңа өмір бастауына жол ашылды.
Көші-қон қызметі – тек бақылау мен тіркеумен шектелмейді. Бұл – адамдарға бағыт-бағдар беріп, олардың құқықтарын түсіндіру, нақты көмек көрсету. Әр өтініштің артында бір адамның тағдыры тұрғанын терең түсінетін Бекет Ерғалиев үшін адал қызмет ету – басты қағида, ал ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау – абыройлы борыш.
