Астанада өткен кітап жәрмеңкесінде ҚАЖ мекемелеріне әдебиеттер табысталды
Бүгін Astana Eurasian Book Fair 2026 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаменті үшін маңызды әрі тағылымды оқиға өтті. Бұл ауқымды мәдени алаң кітап оқу мәдениетін дамытуға, оқырман санын арттыруға және қоғамда рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында департаментке қарасты мекемелердің кітапхана қорын толықтыру мақсатында бірқатар көркем және танымдық әдебиеттер табысталды. Аталған бастама сотталған азаматтардың білім деңгейін арттыруға, ой-өрісін кеңейтуге және бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қоғам қайраткері әрі автор Қамал Әлпейісова өзінің жуырда жарық көрген "Өмір бояулары" атты кітабын сыйға тартып, мекеме кітапханасының қорын толықтыруға үлес қосты. Бұл игі қадам оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Кітап — адамзаттың баға жетпес қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Осындай мазмұнды шаралар арқылы қоғамда оқу мәдениеті қалыптасып, кітапқа деген құрмет пен қызығушылық арта түседі.

Департамент ұжымы кітапхана қорын толықтыруға үлес қосқан барлық ұйымдастырушыларға, демеушілерге және авторларға шынайы алғыс білдіреді.
