Павлодарда түзеу мекемесіне тыйым салынған затты алып өту әрекетінің жолы кесілді
Павлодарда түзеу мекемесіне тыйым салынған затты алып өту әрекетінің жолы кесілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
№45 орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, режимдік аумаққа телефон алып кіру дерегінің жолын кесті.
Оқиға осы жылдың 23 сәуірінде болды. Мекеменің тұрғын аймағына қоқыс шығару үшін кірген “ЗИЛ” арнайы автокөлік тексерілді.
Көлік құралын мұқият тексеру барысында шлюз аймағында қызметкерлер автокөліктің қолғап салғышынан алып кіруге тыйым салынған зат — сұр түсті iPhone телефонын (SIM-картасыз) анықтады.
Айта кету керек, бұған дейін жүргізуші режимдік нысан аумағына кіру тәртібімен жазбаша түрде таныстырылып, тыйым салынған заттарды алып кіруге және тасымалдауға болмайтыны туралы ескертілген. Құқық бұзушылық фактісі қызметкердің киілетін бейнетіркеу құралына жазылып алынды.
Азамат О.-ға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша (Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды, бұйымдарды және құрылғыларды беру) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
