Астанада пробация қызметінің өкілдері "Шарапат" орталығына барды
12 қазан – Мүгедектігі бар адамдар күніне орай Астана қаласы пробация қызметінің бастығы Ақжол Шардарбеков пен Сарайшық ауданы пробация қызметінің қызметкерлері "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Iс-шараның мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға құрмет көрсетіп, қоғамдағы орны мен маңызын айшықтау, оларға ерекше көңіл бөліп, ізгі ниет пен шынайы қолдау білдіру.
Кездесу барысында пробация қызметінің өкілдері орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, ардагерлерге арналған мұражайды аралады. Тарихи жәдігерлерді тамашалау арқылы мекеменің рухани құндылықтары мен тағылымды тарихына қанықты.
Iс-шара соңында Астана қаласы пробация қызметінің бастығы Ақжол Шардарбеков мұражайдың естелік кітабына жүрекжарды тілегі мен жылы лебізін жазып қалдырды.
Ізгілік пен мейірім – адамзатқа ортақ құндылық. Осындай тағылымды кездесулер қоғамда өзара құрмет пен жанашырлықты нығайтып, әр адамның қадір-қасиетін бағалауға үндейді.
