Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ашық микрофон алаңы: Талдықорғанда құқықтық сауаттылық мәселелері талқыланды

Жетісуда жастар құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған форумға қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласында "Legal Talk: ашық микрофон" атты жастар форумы өтті. Бұл алаң жастар мен құқық қорғау органдары өкілдері арасындағы ашық әрі нәтижелі диалогтың жарқын үлгісіне айналды. Кездесудің негізгі тақырыбы заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту және жеке жауапкершілік мәселелеріне арналды. Бұл ретте қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полицияның рөлі ерекше атап өтілді.

Форумның басты ерекшелігі – ашық микрофон форматы болды. Қатысушылар еркін түрде сұрақ қойып, сала мамандарынан нақты әрі түсінікті жауаптар алды. Кездесу барысында жастардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері және қоғамдық тәртіпті сақтау тақырыптары кеңінен талқыланды.

Спикерлер қатарында Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов та болды. Ол өз сөзінде жастармен өзара әріптестікті дамыту мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

- Бүгінгі полиция – тек бақылау мен әрекет етуші орган ғана емес, ол – қоғаммен ашық диалог орнатқан институт. Жастардың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын, қоғамдық тәртіп те берік болып, болашағымыз қауіпсіз бола түседі, – деді өңірдің бас полицейі.

Сондай-ақ талқылауға прокуратура, сот, әкімдік және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, құқықтық мәселелер жан-жақты қарастырылды.

Форумға 200-ге жуық жас қатысты. Бұл іс-шара құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Осындай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтып, жауапты әрі саналы қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру