Талдықорғанда түлектерге кәсіби бағдар беру кездесуі өтті
Талдықорғанда түлектерге кәсіби бағдар беру кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласындағы Мәдениет үйінде ерекше кездесу өтті. Бұл жиын ересек өмірдің табалдырығында тұрған жастар мен заң саласының мамандарын бір алаңға тоғыстырды. Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері Қарағанды академиясы ІІМ өкілдерімен бірлесіп, мектеп бітіруші түлектерге арналған кәсіби бағдар беру іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл кездесу тек мамандық таныстыру ғана емес, болашақ туралы ашық әрі мазмұнды диалог алаңына айналды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жастарды алаңдататын өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда киберқылмыс, есірткі қылмыстары, буллинг және кибербуллинг тақырыптары кеңінен қозғалды. Оқушыларға виртуалды кеңістіктің де нақты өмір секілді салдары бар екені, әрбір ойланбай жасалған әрекеттің болашаққа әсер етуі мүмкін екені түсіндірілді.
Іс-шараның жалғасында Ішкі істер министрлігі жүйесіне қарасты жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда ҚР ІІМ академиялары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Болашақ талапкерлерге қабылдау талаптары, оқу үдерісі және полиция қызметіне келу кезеңдері түсіндірілді.
Іс-шараны Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Омаров ашып, жастарға маңызды үндеу жолдады:
- Бүгінгі таңда жасаған әр қадамдарыңыз — ертеңгі күннің берік іргетасы. Полиция қызметі — жай ғана мамандық емес, бұл — қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы жолды таңдаған жан әділдік пен халыққа қызмет етуді таңдайды, – деді ол.
Кездесудің тәжірибелік бөлігі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Полиция қызметі туралы бейнероликтер, фотокөрме және криминалистикалық техникалардың көрсетілімі мамандықтың қыр-сырын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Қатысушылар полиция формасының ар жағында күнделікті қажырлы еңбек, білім мен батылдық жатқанын сезінді.
Бұл кездесу тек кәсіби бағдар берумен шектелмей, жастарға болашақтың өздігінен келмейтінін, оның әр адамның бүгінгі таңдауы арқылы қалыптасатынын ұғындырды. Бәлкім дәл осы күні қатысушылардың арасынан біреуі заң мен елге қызмет ету жолын таңдаған болар.
