Алматы облысында халыққа бет тұмшалауға байланысты заңнама талаптары түсіндірілді
Алматы облысында халыққа бет тұмшалауға байланысты заңнама талаптары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда адамның жүзін жасыратын әрі жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киімдер мен заттарды пайдалануға енгізілген тыйымға байланысты тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер барысында азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты түсіндіріліп, соның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабында көзделген жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар мұндай заттарды қолдануға рұқсат етілетін жағдайлар да атап өтілді. Атап айтқанда, медициналық көрсеткіштерге байланысты, ауа райының қолайсыздығына орай немесе қызметтік міндеттерді орындау қажеттілігі туындаған кезде оларды пайдалануға жол берілетіні түсіндірілді.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Полиция қызметкерлері азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қабылданған шараларға түсіністікпен қарауға шақырады.
