Алматыда "Жолда қабылдау" акциясы басталды
Алматы қаласында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы аясында мобильді полиция қабылдау пункттері өз жұмысын бастады. Бұл бастама тұрғындарға полиция қызметкерлеріне тікелей жүгініп, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпке қатысты мәселелер бойынша кеңес алу мүмкіндігін ұсынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Акцияның ерекшелігі — оның халыққа барынша жақындатылған форматта ұйымдастырылуы. Мобильді қабылдау пункттері адам көп шоғырланатын орындарға орналастырылып, азаматтарға алдын ала жазылусыз және полиция бөлімшелеріне бармай-ақ өз сұрақтарын қоюға жағдай жасалған.
"Жолда қабылдау" акциясы екі алаңда ұйымдастырылды:
– "Сайран" халықаралық автобекеті (Әуезов ауданы);
– Наурызбай ауданы полиция басқармасының сервистік орталығы.
Қала тұрғындары жол қозғалысы қауіпсіздігі, жолдағы жүріс-тұрыс ережелері, көші-қон заңнамасы, сондай-ақ учаскелік және мектеп инспекторларының қызметі бойынша қажетті түсіндірмелер ала алады.
Акцияның негізгі мақсаты — полиция мен халық арасында ашық әрі тікелей диалог орнату. Сонымен қатар, азаматтар құқық қорғау органдарының назарын талап ететін өзекті мәселелерді де көтере алады.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, мұндай формат тұрғындар үшін барынша қолайлы.
- Біз халыққа тікелей келіп, олардың сұрақтарына сол жерде, еш күтусіз әрі артық рәсімдерсіз жауап беруге мүмкіндік жасап отырмыз. Азаматтардың пікірін тікелей есту біз үшін өте маңызды. Бұл өзекті мәселелерге жедел әрекет етуге және қала қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді, – деді ол.
"Жолда қабылдау" акциясы азаматтар мен полиция арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сенімді арттыруға және "Заң мен тәртіп" қағидатын күнделікті өмірде ілгерілетуге бағытталған.
