Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісуда құқық қорғаушылар жастарға қауіпсіздік сабақтарын өткізді

Жетісуда құқық қорғаушылар жастарға қауіпсіздік сабақтарын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысындағы құрылыс-техникалық колледжде полиция департаментінің анықтау басқармасы қызметкерлері ұйымдастырған профилактикалық дәріс өтті. Іс-шара өзекті әрі әлеуметтік маңызы жоғары тақырыптарға — сталкингтің алдын алу және некеге мәжбүрлеуге жол бермеуге арналды.

Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге сталкингтің тек мазасыз назар емес, психологиялық қысымның бір түрі екенін, оның ауыр құқық бұзушылықтарға ұласуы мүмкін екенін түсіндірді. Ерекше назар қудалаудың негізгі белгілеріне, одан қорғану тәсілдеріне және қауіп туындаған жағдайда әрекет ету алгоритміне аударылды.

Сонымен қатар некеге мәжбүрлеу мәселесі де жан-жақты қарастырылды. Қатысушыларға мұндай әрекеттер адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзатыны және заң алдында қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді. Студенттерге осындай жағдайларда қайда жүгіну керектігі және өз құқықтарын қорғау жолдары түсіндірілді.

«Әрбір адам жеке еркіндік пен қауіпсіздікке құқылы. Біздің міндетіміз — тек құқық бұзушылықтарға ден қою емес, олардың алдын алу. Жастар қауіп-қатерді дер кезінде танып, қажет болған жағдайда көмек сұраудан тартынбауы тиіс», — деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Іс-шара соңында қатысушыларға практикалық кеңестер берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру