Павлодарда полицейлер ата-аналармен ашық диалог өткізді
Павлодарда полицейлер ата-аналармен ашық диалог өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында полиция қызметкерлері өскелең ұрпақтың жауапкершілігі мен қауіпсіздігін қалыптастыруға арналған бірыңғай ата-аналар жиналысын өткізді. Кездесудің негізгі өзегі – құқықтық тәртіптің бастауы хаттамаларда емес, отбасы ішіндегі тәрбие мен өзара қарым-қатынаста екені болды.
– Отбасы – тұлғаның қалыптасу негізі. Баланың мінез-құлқы ең алдымен үйде қалыптасады. Оны материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету маңызды, алайда оның кіммен араласатынын білу, қызығушылықтарына шынайы мән беру және эмоциялық жағдайына көңіл бөлу одан да маңызды. Балаңыздың қауіпсіздігі әрдайым сіздің бақылауыңызда болуы тиіс, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуына тыйым салатын заң талаптарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жол қозғалысы мәдениеті мен жасөспірімдер арасындағы жанжалдардың алдын алу тақырыптары талқыланды. Ата-аналарға бақылаудың жеткіліксіздігі көбіне құқық бұзушылыққа бастайтын алғашқы қадам болатыны түсіндірілді.
Полицейлер отбасы ішіндегі сенімді қарым-қатынас сыртқы қауіп-қатерлерден қорғайтын ең тиімді тетік екенін атап өтті. Ата-ананың жеке үлгісі мен тұрақты қолдауы жасөспірімдердің қауіпті жағдайларға тап болу қаупін азайтады.
Кездесу соңында тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының өміріндегі әрбір маңызды жайтқа бейжай қарамауға шақырды. Қауіпсіздік, өмірлік құндылықтар және баланың болашағы – полиция мен отбасының бірлескен күш-жігерін талап ететін ортақ міндет.
Айта кетейік, бірыңғай ата-аналар жиналысы өңірдегі барлық мектептерде ұйымдастырылды.
