Ақтауда жалған қызмет жарнамасы арқылы алаяқтық жасалған
Ақтау қаласының аумағында интернет-ресурстар арқылы жасалған алаяқтық фактісі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 6 тамызда күдікті тұлға интернет-сайттардың бірінде қызмет көрсету туралы жалған хабарландыру жариялап, азаматтармен байланыс орнатқан. Ол пайдаланушылардың сенімін теріс пайдаланып, оларды алдау арқылы қаражаттарын өзінің банк шотына аудартқан.
Нәтижесінде бірқатар азаматтарға материалдық шығын келтірілген. Зардап шеккен азаматтардың барлығы құқық қорғау органдарына арызданған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Aлаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бірнеше жәбірленуші анықталып, олардың интернет арқылы ұсынылған қызметке қызығушылық танытып, көрсетілген шоттарға ақша аударғаны белгілі болды.
8 сәуірде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды интернет арқылы қызметтерді пайдалану кезінде сақ болуға, күмәнді хабарландыруларға сенбеуге және алдын ала тексерусіз ақша аудармауға шақырады.
