Елордада аса ірі мөлшерде "синтетика" таратумен айналысқан күдікті ұсталды
Елордада полицейлер синтетикалық есірткі заттарын өткізумен айналысты деген күдікпен 22 жастағы ер адамды анықтап, ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында асүйден шамамен бір келіге жуық тыйым салынған зат табылды. Терезе алдында өзіне тән иісі бар ұнтақ тәрізді зат салынған 8 полиэтилен пакеті болған. Олардың ішінде шамамен 500 грам мефедрон және 400 грам альфа-PVP анықталды. Барлық табылған зат тәркіленді.
Анықталғандай, күдікті есірткі заттарын сақтау мақсатында пәтерлерді қысқа мерзімге жалға алып отырған.
Аталған факті бойынша аса ірі мөлшерде есірткі құралдарының заңсыз айналымы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
