Қазақ тілін ардақтаған ардагер полицей
Қазақ тілін ардақтаған ардагер полицей – Александр Дурманов туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Қазақстан – көпұлтты, бірлігі жарасқан мемлекет. Мұнайлы Атырау өңірі де осы татулық пен келісімнің жарқын үлгісі саналады. Мұнда түрлі ұлт өкілдері өзара түсіністік пен құрмет негізінде өмір сүріп, ортақ құндылықтарды бөлісіп келеді. Ұлты бөлек болғанымен, қазақы болмысты бойына сіңіріп, елмен етене араласқан азаматтар аз емес. Солардың бірі – ішкі істер органдарының ардагері, "Үздік полицей" төсбелгісінің иегері Александр Иванович Дурманов.
Александр Дурманов 1945 жылдың 22 наурызында Индер ауданындағы бұрынғы Кулагина, қазіргі Есбол ауылында дүниеге келген. Қазақы ортада өсіп, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бала кезінен бойына сіңірді. Ол өз туған күнін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен қатар атап өтуді игі дәстүрге айналдырған.
Қазақы тәрбиеден нәр алған мінезі, темірдей тәртіпке беріктігі, сыпайылығы мен адамдармен тез тіл табыса білуі оның қызмет жолында ерекше маңызға ие болды. Ол ішкі істер органдарында отыз жылға жуық абыройлы қызмет атқарып, комендант, взвод командирі, аудандық бөлім бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары, кейін облыстық басқармада бөлім бастығы сияқты жауапты лауазымдарды иеленді. Қазақ тілін жетік меңгеруі оның кәсіби беделін арттырып, ел ішінде сыйлы маман ретінде танылуына ықпал етті.
Еңбегі еленіп, 2025 жылғы 10–12 қараша аралығында Ішкі істер министрлігінде өткен "Құрмет пен қаһармандық – ұрпақтар сабақтастығы" атты республикалық семинар-кеңеске Атырау облысы ардагерлер ұйымының атынан қатысты. Сондай-ақ 2025 жылдың қараша айында "Ардагерлер қоғамына қосқан үлесі үшін" медалімен және ҚР ІІМ-нің бұйрығымен "Еңбек ардагері" медалімен марапатталды.
Ұлттық құндылықтарды жоғары бағалайтын Александр Дурманов қазақ тілін насихаттаудан еш жалыққан емес. Оның пікірінше, жаһандану дәуірінде бірнеше тіл білу маңызды болғанымен, әрбір жас ең алдымен өз ана тілін құрметтеп, оның қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосуы тиіс.
– Біз 1945–1950 жылдары бесінші ауылда тұрдық. Ол жерде тұрғындардың басым бөлігі қазақтар еді. Әкем су механигі болып, егінге су жіберетін. Көрші-қолаңның бәрі қазақ болды. Үшінші сыныпқа дейін орыс мектебінде оқып, төртінші сыныптан бастап қазақша білім алдым. Ресейдегі ұлыма қонаққа барсам да, бір аптадан артық тұрақтай алмаймын. Туған жердің топырағы бәрібір тартып тұрады. Қызмет жолымда жоғарылауымда қазақ тілін жетік меңгеруімнің септігі зор болды, – дейді Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Александр Дурманов.
