Теміртауда полиция қызметкерлері арасында бокстан облыстық турнир басталды
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Теміртау қаласында Қарағанды облысы полиция департаментіне қарасты бөлімшелер қызметкерлері арасында бокстан облыстық турнирдің шымылдығы түрілді. Аймақтың әр өңірінен жиналған сақшылар спорт алаңында күш сынасып, кәсіби шеберлік пен қайсар рухты паш етуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты ашылу рәсіміне департамент бастығының орынбасары Талғат Мұғманов қатысып, жарысқа келген қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бұл дода тек спорттық бәсеке ғана емес, тәртіп сақшыларының ішкі дайындығын, табандылығы мен батылдығын айқындайтын маңызды алаң екенін атап өтті.

– Бұл турнир – тәртіп сақшыларының шынығу мектебі. Спорт – тәртіп пен бірліктің, күш пен рухтың символы, – деді Талғат Мұғманов.
Биылғы бәсекеге 11 командадан 50-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Екі күнге созылатын турнир қорытындысы 1 мамыр күні белгілі болады.
Қарағанды облысы полиция департаментінің арнайы кәсіби даярлық басқармасының бастығы Берік Бектасовтың айтуынша, бұл жарыс – алдағы республикалық чемпионатқа іріктеудің маңызды кезеңі.
– Облыстық турнир жеңімпаздары мамыр айының соңында Қарағанды облысында өтетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің республикалық бокс чемпионатында өңір намысын қорғайтын болады, – деді ол.
Айта кетейік, бұл турнир тәртіп сақшылары арасында салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың жауынгерлік рухын шыңдап, қызметтік дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
