Жетісу облысында ауқымды абаттандыру жұмыстары өтті
Жетісу облысында ауқымды абаттандыру жұмыстары өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылында тазалық бір реттік шара емес, өмір салтына айналып келеді. Мұнда қоршаған ортаға қамқорлық жасау — жай ғана міндет емес, елдің болашағы мен келер ұрпаққа қосылған үлес ретінде қабылданады. “Таза Қазақстан” бастамасы тағы бір мәрте шынайы патриотизмнің қарапайым, бірақ маңызды істерден басталатынын көрсетті.
Полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарымен бірлесіп, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Іс-шара барысында көшелер қоқыстан тазартылып, тұрмыстық қалдықтар жиналды, қоғамдық орындар ретке келтірілді. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, жеке үлгісі арқылы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті.
Сонымен қатар профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді. Ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоқысты белгіленбеген орындарға тастауға болмайтыны ескертілді. Азаматтарға қолданыстағы заң талаптары мен абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екені түсіндірілді.
— Тазалық әр адамның бойында болуы тиіс – бұл біздің болашағымыз және балаларымыздың болашағы. Қоршаған ортаға немқұрайлы қарасақ, өз қолымызбен өзіміз құрған дүниені жоюымыз мүмкін. “Таза Қазақстан” – жай ғана бастама емес, бұл – нағыз патриотизмнің көрінісі, — дейді полицейлер.
Осындай іс-шаралар табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастырып, қоғамдық сананың маңызды бөлігіне айналуда. Өйткені тазалық әр адамнан басталады – ал біздің ортақ болашағымыз дәл осыған байланысты.
