Атырауда полиция киберқауіпсіздік бағытында 200-ге жуық мемлекеттік қызметкермен кездесті
Атырауда полиция киберқауіпсіздік бағытында 200-ге жуық мемлекеттік қызметкермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі интернет кеңістігінде алаяқтықтың жаңа түрлері күн санап көбейіп отырған жағдайда азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыру және оларды онлайн қауіп-қатерлерден қорғау – құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Осыған байланысты Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Құлсары қаласында 200-ге жуық мемлекеттік қызметкермен кездесу өткізіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары интернет арқылы жасалатын қылмыстардың негізгі тәсілдеріне тоқталып, алаяқтардың арбауына түскен жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігін нақты мысалдармен түсіндірді. Сондай-ақ қатысушыларға жалған инвестициялық жобалар, "фишинг" сілтемелер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық тәсілдері кеңінен баяндалды.
— Атырау облысында жыл басынан бері 350-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Алаяқтар көбіне сенімге кіріп, жалған ақпарат пен түрлі айла-тәсілдер арқылы қаражатты иемденуге тырысады. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, ресми емес сілтемелерге өтпеу және жеке деректерді мұқият қорғау қажеттілігі қатаң ескертіледі, — деді киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Дәурен Мұханбетәлиев.
