Қоғам қауіпсіздігі жолындағы 20 жылдық еңбек
Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкінің кезекші бөлімінде кезекшінің көмекшісі қызметін атқаратын полиция қызметкері Ержан Жалжин — өз ісіне адал, тәжірибелі маман, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол 1980 жылы Ақмола облысының Целиноград ауданында дүниеге келген.
Мектепті тәмамдағаннан кейін азаматтық борышын өтеу үшін әскери қызметке аттанып, шыңдалып оралды. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2002 жылы бастап, содан бері абыроймен жалғастырып келеді. Көпжылдық қызмет барысында кезекші бөлімде мол тәжірибе жинақтап, өз ісінің шебері деңгейіне көтерілді.
Қызметі тәуліктің кез келген уақытында жедел әрі нақты шешім қабылдауды талап ететін жауапты сала болғандықтан, Ержан Жалжин әрдайым салқынқандылық, жинақылық және мұқияттылық танытады. Келіп түскен хабарламаларды дер кезінде қабылдап, тиісті шаралардың жедел ұйымдастырылуына елеулі үлес қосып келеді.
Ол — отбасылы, үш ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке. Үлкен ұлы 20 жаста, ортаншысы 17-де, ал кенжесі 12 жаста. Жұбайы — білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаз. Қызмет пен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүрген ол бала тәрбиесіне ерекше мән береді.
Әріптестері Ержан Жалжинді сенімді, тәжірибелі әрі өз ісіне берілген маман ретінде жоғары бағалайды. Қарапайымдылық пен адамгершілікті бойына сіңірген ол ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет атқарып келе жатқан тұлға.
