Алматыда қауіпті дрифт жасаған жүргізушілерге тосқауыл қойылды
Алматы қаласында агрессивті жүргізуді, жолдағы қауіпті маневрлер мен дрифт жасау фактілерін анықтау және оның жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған екі жүргізушіні анықтап, оларды жауапкершілікке тартты. Әрқайсысына бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен бір құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, екіншісіне айыппұл салынды.
Полиция мұндай заң бұзушылықтар назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Агрессивті жүргізудің әрбір фактісі құқықтық баға алып, кінәлі тұлғалар заң аясында толық жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтарды кешенді түрде тіркеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бір құқық бұзушыға бірнеше әкімшілік хаттама толтырылып, бұл жауапкершілік деңгейін арттырып, жазаның бұлтартпау принципін қамтамасыз етеді.
- Жолдағы агрессивті жүргізу мен дрифт — азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп. Біз мұндай фактілерге қатаң түрде әрекет етіп, барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартамыз. Қоғамдық жолдарда ‘шеберлікті’ көрсету әрекеттері міндетті түрде заң алдында жауап берумен аяқталатынын түсіну маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады”, — деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырады.
