Абай облысында полицей үй-жайларда профилактикалық жұмыстар жүргізуде
Бесқарағай ауданының Мостик ауылында учаскелік полиция инспекторы Асет Сагадиев интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында үй-жайларда профилактикалық жұмыстар жүргізуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол үйлерді аралап, ауыл тұрғындарымен кездесіп, отбасылармен әңгімелесіп, қазіргі таңда алаяқтардың қандай тәсілдерді қолданатынын жан-жақты түсіндіруде: “банктерден” қоңырау шалу, жалған инвестициялар, SMS арқылы келген кодтарды айтқызу, несие рәсімдеу және “қауіпсіз шоттарға” ақша аударту.
Учаскелік инспектор әсіресе қарт адамдарға және онлайн-сервистерді сенімді қолдана бермейтін тұрғындарға ерекше көңіл бөлуде. Ауыл тұрғындары үшін ол жай ғана заң өкілі емес, сенім артатын, кеңес пен көмек сұрайтын адам.
— Біздің міндетіміз — адам ақшасынан айырылып қалмай тұрып, қауіптің алдын алу. Ауылда тұрғындар өз учаскелік полицейін жақсы таниды, оған сенеді, сондықтан тікелей қарым-қатынас профилактиканың ең тиімді тәсілі болып қала береді, — деп атап өтті Абай облысы полиция департаменті.
Полиция ескертеді: бөгде адамдарға SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін, құпиясөздерді айтуға және белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аударуға болмайды. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, “102” нөмірі арқылы полицияға хабарласу қажет.
