Ұлттық ұлан сарбазы аталарының ерлік жолын мақтан тұтады
9 мамыр - Жеңіс күнінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде сарбаздар майдангер аталары туралы естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі - Павлодар өңірінен әскерге шақырылған қатардағы жауынгер Райымбек Игіліков. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Жас сарбаз қаруластарына аталары Ағыбай мен Бұғұбай Игіліковтардың ерлікке толы өмір жолын ерекше мақтанышпен әңгімелеп берді.

Оның айтуынша атасы Ағыбай Игіліков 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Фин соғысына қатысқан. 1941 жылы қайтадан майданға аттанып, Сталинград шайқасынан бастап Польша шекарасына дейінгі қанды ұрыстарға қатысып, Рейхстагқа дейін жеткен.
Сапер әрі мерген ретінде танылған жауынгердің ерлігі "Қызыл Жұлдыз" орденімен және "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.

Ал екінші атасы Бұғұбай Игіліков 1941 жылы өз еркімен соғысқа аттанып, Ленинград бағытындағы ауыр шайқастарға қатысқан. 1942 жылдың 2 мамырында ауыр жараланғанына қарамастан, бірнеше айдан кейін қайтадан сапқа тұрған. Ленинград қоршауының қасіретін көзімен көрген майдангер соғыстан кейін елге оралып, әуе қорғанысы бойынша нұсқаушы қызметін атқарып, жастарды әскери дайындыққа баулыған.
Райымбектің айтуынша, олардың отбасында Жеңіс күні жыл сайын ерекше аталып өтеді. Үйінде майданнан қалған орден-медальдар мен сарғайған тарихи құжаттар әлі күнге дейін сақтаулы. Сондықтан аталарының ерлігі оған әрдайым рух пен жігер сыйлайды.
— Аталарымыз қазіргі біздің жасымызда қолына қару алып, ел қорғады. Біз сол кісілердің ерлігі мен аманатына лайық болуға тырысамыз, — дейді жас жауынгер.
Бүгінде Райымбек Игіліков Ұлттық ұлан сапында абыройлы қызмет атқарып, қоғамдық тәртіп пен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып жүр. Оның айтуынша әскери форма киген сайын аталарының ерлігі мен жауапкершілігі есіне түседі.

Осылайша Игіліковтар әулетіндегі ерлік рухы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Кезінде майдан даласында ел қорғаған батырлардың жолын бүгінде олардың ұрпағы бейбіт заманда лайықты түрде жалғастырып жүр.
