Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД-да сотталған әйелдерге шеберлік сағаты өткізілді

Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның әйелдер колониясында жартылай фабрикат өнімдерін дайындау бойынша жұмысқа тартылған сотталған әйелдерге арналған тәжірибелік шеберлік сабағы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бір ай бойы қатысушылар заманауи технологиялар негізінде манты, самса, тұшпара, вареник, чебурек, котлет және басқа да жартылай фабрикат түрлерін дайындау мен қалыптауды үйренді.

Оқу курсына оннан астам сотталған әйел қатысты. Бағдарлама соңында барлық қатысушыларға кәсіби оқудан өткенін растайтын сертификаттар табысталды.

Шеберлік сабағын Жаңғызтөбе кентінен келген жартылай фабрикат өндірісі саласында тәжірибесі бар кәсіпкер өткізді. Сабақ барысында ол нарықтағы заманауи үрдістер, тұтынушылардың талғамы мен өнім сапасына қойылатын талаптар туралы айтып, танымал өнімдерді дайындау технологиясын іс жүзінде көрсетті.

Санитарлық талаптарды сақтау, тағам дайындау технологиясы, өнімді сақтау шарттары, қолданылатын қоспалардың сапасы және дайын өнімді әсемдеп ұсыну мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар тек бақылап қана қоймай, қоспаларды дайындаудан бастап өнімдерді қалыптау мен безендіруге дейінгі барлық кезеңдерді өздері орындады. Көптеген әйел үшін бұл оқу болашақта жұмысқа орналасуға және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуге көмектесетін жаңа кәсіби дағдыларды меңгерудің мүмкіндігі болды.

— Бүгінде жартылай фабрикат өнімдері ыңғайлылығы мен уақытты үнемдеуге байланысты халық арасында үлкен сұранысқа ие. Алған білімім мен үшін өте пайдалы болады. Сертификаттың арқасында жұмысқа орналасып немесе үй тағамдарын дайындаумен айналысатын шағын кәсібімді ашуға мүмкіндік аламын, — деді сотталғандардың бірі.

 

— Осындай іс-шаралар сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үдерісінде маңызды рөл атқарады. Тәжірибелік шеберлік сабақтары әйелдерге сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, өз күшіне деген сенімділікті арттыруға және болашаққа оң көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Бұл — қоғамға сәтті оралу мен кейінгі жұмысқа орналасуға бағытталған тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Іс-шара соңында қатысушылар естелікке ортақ суретке түсіп, сотталғандарды кәсіби оқыту бағдарламасы аясында алдағы уақытта да тәжірибелік сабақтарды жалғастыру туралы келісімге келді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру