Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталған әйел ауруын жеңді

Абай облысы бойынша ҚАЖД әйелдер колониясында алаяқтық жасағаны үшін сотталып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылған 51 жастағы сотталған әйел жазасын өтеп, бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алты жыл бұрын мекемеге келген кезде сотталған әйел міндетті медициналық тексеруден өтіп, оның барысында өкпе ауруына қатысты алдын ала диагноз анықталған. Денсаулық жағдайын нақтылау үшін ол қосымша тексеруге жіберіліп, нәтижесінде диагноз расталды. Осы сәттен бастап сотталған әйел мекеменің медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында болып, қажетті медициналық көмек алып отырды.

Өмірдің ауыр сынақтарына қарамастан, ол рухын түсірмей, болашаққа деген сенімін сақтауға тырысты. Осы уақыт бойы оған ең үлкен қолдау көрсеткен — отбасы: үш ұлы мен тоғыз немересі үнемі кездесуге келіп, моральдық тұрғыдан демеу болып, үмітін үзбеуге көмектесті.

Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің, дәрігерлердің ұсынымдарын сақтаудың және өзінің табандылығының арқасында әйел дертті жеңіп шықты. Бостандыққа шыққан күн ол үшін өмірінің жаңа кезеңінің бастауы болды.

Мекеме қақпасының алдында сотталған әйелді Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген 30 жастағы ұлы қарсы алды. Ана мен баланың қауышу сәті ерекше әсерлі болды — ұзақ айырылыстан кейін олар бір-бірін құшақтап, қуаныш жастарын жасыра алмады.

— Осында келіп, диагнозымды естігенде, өмірім күйреп кеткендей болды. Бір сәтте әрі еркіндігімнен, әрі денсаулығымнан айырылдым. Кей күндері қатты қорқатынмын, ауруды жеңе аламын ба, балаларым мен немерелерімді тағы бір көре аламын ба деп уайымдайтынмын. Мені аман алып қалған ең басты күш — отбасым туралы ой болды. Ұлдарым мен тоғыз немерем осы уақыт бойы мені күтіп, қолдап, үмітімді жоғалтпауға көмектесті, - дейді сотталған.

Мен мекеме қызметкерлері мен медицина мамандарына көрсеткен қамқорлығы, ықыласы және адамгершілігі үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Олар мені аурумен жалғыз қалдырмай, ең қиын сәттерде қолдау көрсетті, өзіме сенуге және соңына дейін күресуге жігер берді. Олардың көмегі, ем-дом және отбасымның қолдауы арқасында бүгін мен бостандыққа үлкен алғыс пен жаңа өмірге деген үміт сезімімен шығып отырмын. Қазір мен үшін ең үлкен бақыт — ұлымды қайта құшақтап, алда балаларым мен немерелеріммен қауышатынымды білу. Мен жіберіп алған уақыттың орнын толтырып, тыныш өмір сүріп, денсаулығымды күтіп, бұрынғы қателіктерімді енді ешқашан қайталамауды қалаймын, — деп бөлісті сотталған әйел.

— Біздің міндетіміз — тек қана режимді қамтамасыз ету емес, сонымен қатар сотталғандардың денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау көрсету және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Мекемелерде сотталғандарды медициналық сүйемелдеуге және оларды бостандыққа дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Көптеген адамдар үшін отбасының қолдауы түзелуге және толыққанды өмірге қайта оралуға басты ынталандыру болады. Осындай оқиғалар дер кезінде көрсетілген көмектің, жанашырлықтың және адамның жаңа өмір бастауға деген сенімінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, — деді мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру