Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында алкоголь өнімін заңсыз сату фактілері анықталды

Павлодар облысында алкоголь өнімін заңсыз сату фактілері анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанына қарамастан, кейбір кәсіпкерлер пайда табу мақсатында заң талаптарын бұзуды жалғастыруда. Бұл туралы Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев жыл басынан бергі құқық бұзушылықтар статистикасын жариялау барысында мәлімдеді.

Жыл басынан бері алкоголь өнімін тыйым салынған түнгі уақытта сатудың 193 фактісі, сондай-ақ лицензиясыз алкоголь өнімін өткізудің 60 фактісі анықталған.

Мәселен, Павлодар қаласында Толстой көшесіндегі дүкенде сатушы алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта сатқан. Сауда нүктесінің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Мамандардың айтуынша, бұл мәселенің шешімі кәсіпкерлер мен тұтынушылардың заң талаптарын сақтауына тікелей байланысты.

Сонымен қатар өңірде қоғамдық орындардағы мас күйдегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде жүрудің 3267 фактісі тоқтатылған.

Мәселен, Павлодар қаласындағы көпқабатты үй тұрғындары мас адамдардың мазасыз әрекеттеріне шағымданған. Оқиға орнына келген учаскелік инспектор үш ер адамды анықтап, олардың мас екені медициналық тексеріс арқылы расталған. Олар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.

Тағы бір жағдайда Кенжекөл ауылында мас ер адам көшеде өтіп бара жатқан адамдарға балағат сөздер айтқан. Патрульдік полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстап, сараптама оның орташа дәрежедегі мас күйде болғанын анықтады. Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

Полиция азаматтарға мас күйдегі адамдардың өзіне де, айналасына да нақты қауіп төндіретінін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру