Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қайсарлық пен кәсібилікті қатар ұстаған криминалист

Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің қатарында нәзік болмысына қарамастан, батылдық пен табандылықты серік еткен арулар аз емес. Солардың бірі – Өскемен қаласы полиция басқармасы жедел криминалистика бөлімінің криминалисі Гүлім Шәріпжанова, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Гүлім Қабылжанқызы 2002 жылы Күршім ауданының Марқакөл ауылында дүниеге келген. Бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандаған ол мақсатына сеніммен қадам басты. Арманына адал жас маман 2023 жылы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін "Химиялық криминалистикалық сараптама" мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылы Өскемен қаласы полиция басқармасының ақпараттандыру және байланыс бөліміне техник лауазымына қызметке қабылданды.

Қызмет барысында жауапкершілігі мен ұқыптылығының арқасында өзін кәсіби маман ретінде таныта білген Гүлім бүгінде жедел криминалистика бөлімінде криминалист қызметін абыроймен атқарып келеді. Оның күнделікті міндеті – қылмыс орнын мұқият зерттеу, дәлелдемелерді жинау және әрбір ізден шындыққа бастар маңызды деректерді анықтау. Бұл – асқан төзімділік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі әрі маңызды сала.

Криминалист мамандығы сырт көзге байқала бермегенімен, қылмыстың ашылуында шешуші рөл атқаратын жауапты қызметтердің бірі. Осындай маңызды міндетті нәзік жанның атқаруы – үлкен ерік-жігер мен кәсіби біліктіліктің айқын көрінісі. Гүлім Қабылжанқызы қызметіне деген адалдығы, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында әріптестерінің құрметіне ие болып келеді.

Қызмет пен нәзіктікті қатар алып жүрген Гүлім Қабылжанқызы – бүгінде болашағынан зор үміт күттіретін жас мамандардың бірі. Ол жауапты қызметте жинаған тәжірибесі мен табандылығы арқылы кәсіби шеберлігін шыңдап, өз ісінің білікті маманы ретінде қалыптасуда. Осындай қайсар әрі еңбекқор арулар полиция қызметінің абыройын арттырып, ел тыныштығын сақтауға сүбелі үлес қосып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру