Түркістан облысында қарсы бағытқа шыққан жүргізушілер дрон арқылы анықталды
Түркістан облысында полицейлер қарсы бағытқа шыққан жүргізушілерді дрон арқылы анықтап, жауапқа тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында дрон құрылғылары арқылы бақылау жұмыстарын жүргізуде.
Әуе бақылауы барысында Созақ аудандық полициясы қарсы бағытқа шығу деректерін анықтады. Атап айтқанда Шолаққорған–Шымкент автожолы бойында "BMW X5" автокөлігінің белгіленбеген жерден қарсы бағытқа шыққаны белгілі болды.
Нәтижесінде жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған көлік айыптұраққа қойылып, іс құжаттары сотқа жолданды. Сот шешімімен жүргізуші 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Рейд барысында дрон құрылғысының көмегімен қарсы бағытқа шыққан тағы 5 көлік жүргізушісі анықталды.
Жыл басынан бері аудан аумағында жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылар тарапынан жол жүру қағидаларын бұзудың 500-ден астам дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданған.
