Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда жол қауіпсіздігі бойынша үздік командалар марапатталды

Атырау қаласындағы №41 жалпы орта білім беретін мектеп базасында дәстүрлі жас инспекторлар слетінің облыстық кезеңі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында жол қозғалысы ережелерін кеңінен насихаттау, жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Байқау барысында қатысушылар жол жүру ережелері бойынша теориялық білімдерін сынға салып қана қоймай, алғашқы медициналық көмек көрсету, велосипедті қауіпсіз басқару және түрлі тәжірибелік тапсырмалар бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар жас инспекторлар саптық дайындық, жол белгілерін білу және арнайы кезеңдер бойынша өзара бақ сынасып, жоғары дайындық деңгейін танытты.

Облыстық кезеңге қала және аудандық іріктеу сайыстарында үздік нәтиже көрсеткен командалар қатысты. Тартысты өткен дода қорытындысы бойынша І орынды Атырау қаласындағы №43 орта мектептің жас инспекторлар командасы иеленді. ІІ орын Исатай аудандық мектеп-гимназиясына бұйырса, ІІІ орынды Жылыой ауданының М. Әуезов атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары жеңіп алды.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған Атырау қаласындағы №43 орта мектептің командасына Қостанай қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру