Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада полицейлер абаттандыру қағидаларын бұзғандарды анықтап жатыр

"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында Астана қаласында полицейлер абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластау деректерінің алдын алуға бағытталған профилактикалық әрі рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында елорда көшелеріндегі тазалықты сақтау, қоқысты рұқсат етілмеген орындарға төгу, сондай-ақ құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды бейберекет жинау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылуда. Полицейлер қоршаған ортаның тазалығына кері әсер ететін құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Жыл басынан бері Астана қаласының полицейлері қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты 20 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.

Мәселен, кезекті тексеру барысында Ахмет Жұбанов көшесіндегі ғимаратты бұзу жұмыстары кезінде пайда болған құрылыс қалдықтарын заңсыз жинақтау дерегі анықталды. Тексеру нәтижесінде мердігер ұйымның абаттандыру қағидаларын бұзғаны белгілі болды.

Аталған факті бойынша кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды.

Полиция тұрғындар мен ұйымдарды тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және абаттандыру қағидаларын қатаң ұстануға шақырады. Бұл бағыттағы профилактикалық және рейдтік жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру