Бала өмірінің қауіпсіздігі – басты назарда
Оқу жылының аяқталуына байланысты жазғы демалыс кезеңінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай Қызылорда облысы полиция департаменті тарапынан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе ювеналды полиция қызметкерлері кезекшілікке бөлініп, қызмет атқаруда. Сонымен қатар жасөспірімдер көп шоғырланатын демалыс орындарында олардың кешкі серуендеу кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы қызметкерлер жұмылдырылып, ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілмек.
Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамай, оларды жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерімен таныстыруға, қауіпті жағдайлардан сақтануға және алғашқы көмек көрсету шараларын үйретуге шақырады.
— Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азамат тәрбиелеу. Балаға жастайынан берілген тәрбие оның болашақ өмірінің негізі болады. Сондықтан ата-аналар үшін бала қауіпсіздігін сақтау әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қауіпсіздігіне ерекше мән берген жөн, – деді Серік Ергешов.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды балалар қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауда сақтық шараларын күшейтуге шақырады.
