Ұлытау облысында абаттандыру қағидаларын бұзғандар анықталды
Ұлытау облысында абаттандыру қағидаларын бұзғандар анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірімізде қалалар мен аудандардың санитарлық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ азаматтар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл жұмыстар "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында қолға алынған.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзудың 1127 фактісін анықтады. Сонымен қатар ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін 69 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жеке тұлғалар тарапынан жасалған. Сонымен қатар өздеріне бекітілген аумақтың тазалығына салғырт қарап, ластануына жол берген кәсіпкерлік субъектілері де жауапкершіліктен тыс қалмады.
Қазіргі уақытта полиция нарядтары жеке секторда, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында және тұрғындар жаппай демалатын орындарда бақылауды күшейтті. Жағдайды қадағалау үздіксіз жүргізілуде: Жедел басқару орталығының (ЖБО) инспекторлары бейнебақылау камераларының көмегімен қоқыс тастау фактілерін тәулік бойы тіркеп отырады.
Полиция азаматтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, тазалық сақтауға және тұрмыстық әрі құрылыс қоқыстарын тек арнайы белгіленген орындарға тастауға шақырады. Есіңізде болсын: ортақ үйіміздегі тәртіп — әрқайсымыздың міндетіміз!
