Астанада "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда
17-25 мамыр аралығында елорда аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, сондай-ақ жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесуге бағытталған "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтіп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударуда.
Өткен демалыс күндері қала көшелерінде көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған 11 жүргізуші анықталды. Барлық құқық бұзушылар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, шамамен сағат 17:00-де полиция қызметкерлері HOWO жүк көлігін тоқтатты. Көлік тізгініндегі 53 жастағы ер адамның алкогольдік масаң күйде болғанының айқын белгілері байқалған. Медициналық куәландыру нәтижесі оның алкоголь қолданғанын растады.
Аталған дерек бойынша жүргізуші Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Астана қаласының полиция департаменті мас күйде көлік басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіретінін еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
